11
февраль
2021
«Мұқағали Мақатаев – мәңгілік ғұмыр»
Жыр мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Мұқағали Мақатаев – мәңгілік ғұмыр» тақырыбындағы кезекті адалдық сағаты өтті. Мақатаевтың шығармашылығы қазақ поэзиясының алтын қоры болып табылады. ХХ ғасырдың бірінші жартысында дүниеге келген, рухы мен бар бітімімен халықтың қайнар көзін сіңірген дарын өз халқының ең сүйікті ақыны болды. «Поэзия – махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиіс» деген Мұқағали ақынның өлеңдері ең әуелі адамдарды адалдыққа, тазалыққа, мейірімді болуға, жас ұрпақты Отанды сүюге, туған жерді құрметтеуге, ана тілімізді ардақтауға, қарттарымызды қадірлеуге және дәл осындай бейбіт күннің қадірін білуге шақырады. Өз шығармаларында ол адам Отансыз өмір сүре алмайтынын айтты. Отансыз адамды ормансыз құсқа теңеді. Туған халқын жырламаған ақын жоқ шығар. Ал Мұқағали ағамыздың халқына деген перзенттік махаббаты әр өлеңінде керемет суреттелген. Сондай-ақ, «Адалдық сағатында» ақын шығармашылығы арқылы патриотизм мен жеке бастың қадір-қасиеті туралы ойлар айтылды. Мұқағали Мақатаев қазіргі қазақ поэзиясын жаңа көркемдік деңгейге көтерді. Оның шығармашылығы идеологиялық және саяси көріністерден ада, нағыз лирикаға толы.