«МЕКТЕПТЕГІ ЖЫЛЫЖАЙ – БІЛІМ МЕН ЕҢБЕКТІҢ ТОҒЫСҚАН ТҰҒЫРЫ»
«МЕКТЕПТЕГІ ЖЫЛЫЖАЙ – БІЛІМ МЕН ЕҢБЕКТІҢ ТОҒЫСҚАН ТҰҒЫРЫ»
Мажибаев Ж.Ж
Мектеп директоры, педагог-зерттеуші,
№ 16 жалпы орта білім беретін мектебі
Жамбыл облысы, Меркі ауданы
Аңдатпа
Бұл мақалада мектептегі жылыжай жұмысының маңызы мен оқушылардың тәжірибелік дағдыларын дамытудағы рөлі баяндалады. Лимон, құлпынай және гидропоника жобалары арқылы оқушылар экологиялық мәдениетті, еңбекқорлықты және инновациялық ойлауды меңгеруде. Жобалар мектептің білім беру процесін өмірмен ұштастырып, жас ұрпаққа табиғатты аялау мен еңбекті құрметтеу құндылықтарын сіңіреді.
Аннотация
В статье раскрывается значение работы школьной теплицы и её роль в развитии практических навыков учащихся. Через проекты по выращиванию лимонов, клубники и гидропонике школьники осваивают экологическую культуру, трудолюбие и инновационное мышление. Эти инициативы объединяют учебный процесс с реальной жизнью, формируя у подрастающего поколения уважение к труду и природе.
Annotation
This article highlights the importance of the school greenhouse and its role in developing students’ practical skills. Through lemon, strawberry, and hydroponic projects, students learn ecological awareness, diligence, and innovative thinking. These initiatives connect education with real life, fostering respect for nature and the value of work among young learners.
Орта білім беру ұйымдарының педагогикалық процесінде жобалық тұғырды енгізу бойынша, елдің бірегейлігін нығайта алатын, ұлттық құндылықтарға негізделген әділетті қоғамды құруға қабілетті, білімді, адал және парасатты ұрпақты тәрбиелеуде мектебімізде бірнеше жобалар жұмыс жасауда. Осы жобалар нәтижесінде мектебіміз оқушыларға ғылыми жобаларды зерттеуге, дамытуға мүмкіндік береді. Жалпы мұндай жобалар оқушылыардың функционалдық сауаттылықтарын, қаржылық сауаттылықтарын дамытып қана қоймай, пәнге деген қызығушылықтарын арттырады. Жоба аясында оқушылар өсімдіктің өсу динамикасын (ай сайынғы биіктігін) өлшейді; топырақ құрамын зерттейді; суару режимінің әсерін салыстырады; жарық пен температураның өсімдікке ықпалын бақылайды; өнім беру мерзімін тіркеп, статистикалық талдау жүргізеді. Бұл жұмыстар биология пәнімен қатар математика (өлшеу, салыстыру, диаграмма құру), география (климат ерекшелігі), химия (топырақ құрамы) пәндерімен байланысты жүзеге асырады. Мысалы, табиғатқа қатысты жобалар, экологиялық проблемаларды зерттеу және ғылыми әдістерді қолдану оқушыларды сыни ойлауға және мәліметтерді талдауға үйретеді. Оған дәлел ретінде көрсететін болсақ, мектебімізде бірнеше жобалардың атқарылып жатқанын айтқым келіп отыр.
2023 жылдың көктемінде Шымкент қаласы Сарыағаш ауданынан 15 лимон ағашы, 15 түп павлония ағашы сондай-ақ өзіміздің өңірден 211 көшет құлпынай әкелініп мектеп жанында орналасқан жылыжайға егілді. Аптасына 3-4 рет күтіп баптау жұмыстары өткізілді. 2024 жылы лимон өсімдігі өз жемісін беріп, ең үлкен лимонымыз 12 см-ді көрсетті.
(сурет-1) https://www.instagram.com/reel/DIi0cSyIO1n/?igsh=MTNrZDk4dnRiY3dlZA==
Ал павлония ағашына тоқталсақ 13 түп ағаш мектеп ауласына отырғызылды. Өскен ағаштан бұтау жұмыстары барысында, 200 түп ағаш бұталып жылыжайға орналастырдық. Оның шамамен 150 түбі өніп шығып, 5-6 м нәтиже көрсетті. Болашақта мектеп ауласын толықтай көркейту мақсатында осы ағашымызды өсірудеміз. Жылына 5 метрге дейін өседі. 5-6 жылда 25 метр болады. Бойы өсіп болғасын жайылады. Павловнияның тағы бір ерекшелігі, басқа ағаштарға қарағанда оттегіні бірнеше есеге көп бөледі. Әсіресе, таза ауа тапшы қалалы жерде экологияға да пайдасы зор. Демек, бұл ағаш бір шетінен экологияны жақсартса, екіншіден шаһарға көрік беріп, көлеңкесі көпке сая бола алады. Павлония ағашы жеңіл, әрі берік, бұл қасиет оны құрылыс материалдары мен жиһаз өндірісінде пайдалануға мүмкіндік береді. Ағаштың өсу жылдамдығы ерекше, осы ағашты ауылымызда көптеп отырғызсақ деген жоспар бар. [1.5.7]
(сурет-2) https://www.instagram.com/reel/C6GrT_rMsX6/?igsh=MXVyY3FtaGdxdnA0MQ==
Сонымен қатар құлпынай өсімдігін өсіру барысында (черный принц, кәдімгі құлпынай т.б) өз жемістерін беріп мектеп асханасына бәліш жасауға пайдаланылды. Осы өсімдіктердің күтімі жайлы айтатын болсам, жылыжай температурасының тұрақтылығы, топырақтың құнарлылығы, биогумусты топырақтың болуы және де жылумен қамтамасыз етілуі, арамшөптердің болмауы. [2.7]
Мектеп жанындағы жылыжайда дала гүлдерін өсірудің тиімділігін зерттеу нәтижелері бірнеше маңызды аспектілерді қамтиды. Біріншісі, экономикалық тиімділік жылыжайда өсіру арқылы маусымдық тәуелділік азаяды. Бұл дала гүлдерін жыл бойы сатуға мүмкіндік береді. Дала гүлдеріне деген сұраныс жоғары болған жағдайда, сатылымнан тұрақты пайда түсіріп отырамыз. Екінші, экологиялық аспектілер био әртүрлілікті сақтауда яғни табиғи ортадағы гүлдерді жаппай терудің алдын алып, жылыжайда өсіру экологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Сонымен қоса пестицидтерді аз пайдалану, жылыжай жағдайында зиянкестерге қарсы химиялық заттарды аз қолданылады. Үшіншіден, тәрбиелік және білім берудегі мәні зор. Жылыжайды басқаруға оқушыларды тарту оларды биология, экология, және кәсіпкерлік негіздерімен таныстырады. Оқушылар өсімдіктерді күту және жылыжайды басқару бойынша тәжірибе алады. [1.3.6] Мектеп жанындағы жылыжайда дала гүлдерін өсіру: Табиғи ресурстарды үнемдеуге, Экономикалық тиімділікке қол жеткізуге, Оқушылардың тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді. (сурет-3)
Бұдан басқада, өздеріңізге мәлім ауылды жерде тұрғындар мал шаруашылығы немесе егін шаруашылығымен айналысады. Мал шаруашылығымен айналысу үшін бірінші не керек? Әрине жем, шөп керек. Осы тұрғыда мектеп ауласында орналасқан шағын жылыжайымызға гидропоника әдісін пайдалана отырып, бидай дақылын өсірдік.
2025 жылдың ақпан айында біз бидай дақылын үшінші рет өсірудеміз яғни мал шаруашылығына тигізетін пайдасы мол екеніне көзіміз жетті. Бидайдың өсірілуі кезінде гидропоника әдісіне судың, жылудың және жарықтың көп мөлшерде қажет ететіндігі белгілі болды. Сонымен қатар бұл жоба жұмыстарымен айналысып жатқанымызға 1 жыл уақыт болды. 7-8 сынып оқушыларымен атқарылып жатқан жұмыстарымыз. Оқушыларымыздың осындай жобалармен айналысуға күннен - күнге қызығушылықтары оянып, үлкен жауапкершілікті сезінуде.
(сурет-4)
Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана. Біздің еліміздің негізгі тірегі – зияткерлік ұлт мүмкіндігі. Сондықтан да біздің балаларымыздың сапалы білім алуы маңызды. Оқушылардың мектепте алған білімін қоғамдық — әлеуметтік ортада пайдалануға икемдеу, олардың функционалдық сауаттылығын арттыру арқылы еліміздегі білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне басымдық берілуі тиіс. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты - бәсекеге қабілетті маман дайындау. [1.4]
Жылыжайдың берер жетістігі өте көп. Ауылды жерлерде орналасқан шағын жылыжайлардың өзі көптеп пайда алып келуде. Мектеп жанындағы жылыжай жүйесін дамыту арқылы экологиялық таза көкөністерді өсіріп, оқушылардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру арқылы еңбекке баулыдық деп айтсақта қателеспегеніміз болар. Қорытындылай келе, балалардың экологиялық тәрбиесінде табиғатқа эмоционалды және жағымды қатынасты дамытуға ықпал ететін тәжірибелік, зерттеу қызметі үлкен рөл атқарады. Жылыжай - балаларға өсімдіктер туралы, оларды өсіру ерекшеліктері туралы білімдерін кеңейтіп, байытып және бекітуге көмектесетін тірі зертхана болып табылады. Қазіргі таңда өркендеп тұрған кәсіптердің бірі – жылыжай деп атасақ, қателескеніміз емес. Тірнектеп істеген тірліктің табыссыз қалмайтынын түсінген халық ауылдық мекенде тұрып-ақ, бау-бақша өнімдерін баптайды. Суық мезгілде дәрумен тапшылығында, жеміс-жидек пен көкөністерге сұраныс өте жоғары деңгейде екені анық. Иә, қазіргі дамыған заманда жылыжай өніміне сұраныс еселеп артпақ. Сол себепті сіздерге болашағы зор жылыжай шаруашылығымен айналысуларыңызға кеңес беремін!
Пайдаланылған әдебиеттер
- Әбдіғаппарова, Г. Б. Экологиялық білім мен тәрбие негіздері. – Алматы: Рауан, 2018
2. Иманқұлова, С. Т. Оқушылардың еңбекке баулу мен тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру жолдары. – Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2020.
3. Мырзахметова, А. Қ. Жаратылыстану пәндерін оқытуда тәжірибелік жұмыстардың маңызы. // «Білім берудегі инновациялар» ғылыми журналы. – 2021. – №4. – Б. 45–49.
4. Гидропоника және мектеп жылыжайлары: әдістемелік құрал. – Алматы: Білім баспасы, 2019.
5. Назарбаев, Н. Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. – Астана, 2017.
6. Сәрсенбаева, Г. Мектептегі экологиялық жобалар мен STEM-білім интеграциясы. – Шымкент: ОҚМПУ баспасы, 2022.
7. Қазақстан мектептеріндегі экологиялық білім беру тұжырымдамасы. – ҚР БҒМ, 2023