Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер саласындағы нормативтік құқықтық актілер жинағы
Мемлекеттік рәміздер
және геральдикалық белгілер саласындағы нормативтік құқықтық актілер
жинағы
(Әдістемелік ұсынымдар)
Тараз қаласы, 2024 жыл
МАЗМҰНЫ
I | 1 бөлім. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКТЕТІК РӘМІЗДЕРІН ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕЙТІН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРІ | 4 |
II | «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы | 4 |
III | Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидалары | 19 |
ІV | Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидалары | 30 |
V | Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары | 32 |
VІ | 2 бөлім. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІНІҢ ПАЙДАЛАНЫЛУЫН РЕТТЕЙТІН КЕЙБІР ЗАҢНАМАЛАРДАН ҮЗІНДІ | 36 |
VІІ | Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық Кодексі | 36 |
VІІІ | Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi | 38 |
ІХ | Қазақстан Республикасының Мемлекеттік және Ұлттық стандарттары | 39 |
1 БӨЛІМ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКТЕТІК РӘМІЗДЕРІН ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕЙТІН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРІ
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258 Конституциялық заңы
1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІ
1-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы - 1:2.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде "QAZAQSTA№" деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ "QAZAQSTA№" деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні - осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда орындалатын музыкалық-поэтикалық туынды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәміздерін дайындауды және пайдалануды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындау және пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін бекіту
Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының бейнесі (осы Конституциялық заңға 1-қосымша);
2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі (осы Конституциялық заңға 2-қосымша);
3) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясы мен мәтіні (осы Конституциялық заңға 3-қосымша) бекітілсін.
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТУЫ
4-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалану тәртібі
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мынадай орындарда міндетті түрде көтеріледі (тігіледі, орналастырылады):
1) Қазақстан Республикасының Президенті Резиденциясының, Парламентінің, Сенат пен Мәжілістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Конституциялық Соттың, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, Жоғары Сот Кеңесінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің, шетелдегі басқа да ресми мекемелерінің, шетелдегі мекемелерінің басшылары резиденцияларының ғимараттарында және сол мемлекеттің протоколдық практикасына сәйкес көлік құралдарында - ұдайы;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдің, Мемлекеттік кеңесшінің, Конституциялық Сот Төрағасының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының және жергілікті соттары төрағаларының, Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің басшыларының, жергілікті өкілді және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері басшыларының кабинеттерінде - ұдайы;
3) Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының, Үкіметтің үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстары өтетін залдарда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының сот мәжілісі залдарында, Жоғары Сот Кеңесінің отырыс залдарында, орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырысы залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркейтін үй-жайларда - ұдайы;
4) мемлекеттік органдардың ғимараттарында алғаш ашылған кезде, салтанатты жағдайда;
5) егер халықаралық құқық нормалары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген болса, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары төрағаларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және олардың өкілетті өкілдерінің қатысуымен халықаралық форумдар өтетін ғимараттарда немесе үй-жайларда;
5-1) мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларында (үй-жайларының бір бөлігінде);
6) ресми адамдар ретінде Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мінген теңіз кемелерінде, ішкі жүзу кемелерінде және басқа да қатынас құралдарында;
7) Қазақстан Республикасында тiркелген кемелердiң бұлқынындағы ту ретiнде - белгiленген тәртiппен;
8) Қазақстан Республикасының әскери корабльдерi мен кемелерiнде - әскери жарғыларға сәйкес;
9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде және мекемелерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелері күндерінде, ант қабылдау кезiнде;
10) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу, ресми және салтанатты рәсімдер, спорттық іс-шаралар кезінде;
11) жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында - жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде;
12) Қазақстан Республикасына мемлекеттік және ресми сапарлармен келген шет мемлекеттердің мемлекет басшыларымен, парламенттері мен үкіметтерінің басшыларымен кездесу кезінде.
Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Туды және оның бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
Ғимараттарға тұрақты тігілген Мемлекеттік Туға тәуліктің қараңғы мезгілінде жарық түсіп тұруға тиіс.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы басқа да ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерінің еркі бойынша тігілуі мүмкін.
Мемлекеттік Туды және оның бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Туының бейнесi міндетті түрде:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың және олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының, Жоғары Сот Кеңесінің, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің веб-сайттарында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен;
2) Қазақстан Республикасының әуе кемелерінде, сондай-ақ ғарыш аппараттарында орналастырылады.
Мемлекеттiк Тудың бейнесi өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін.
3. Мемлекеттiк Ту оның көлемiне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуге тиiс.
Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен ауыстырылуға және жойылуға тиіс.
Мемлекеттiк Тудың бейнесiн қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар туларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды.
Мемлекеттiк Тудың бейнесi Қазақстан Республикасы мемлекеттік наградаларының, Ұлттық Банк банкноттары мен монеталарының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде пайдаланылуы мүмкін.
4. Ұлттық аза тұтуға байланысты Мемлекеттiк Ту ұлттық аза тұту мерзiмi ішінде тутұғыр биiктiгiнiң жартысына дейiн төмен түсiрiледi.
5-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын және басқа да туларды Қазақстан Республикасының аумағында бір мезгілде пайдалану
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын шет мемлекеттердің, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың туларымен бір мезгілде көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға тиіс.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы басқа тулардан төмен орналастырылмайды.
2. Қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың тулары Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туымен бірдей болмауға тиіс.
3. Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерді, консулдық мекемелерді, халықаралық ұйымдарды және (немесе) олардың өкілдіктерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар мен өкілдіктер пайдаланатын шет мемлекеттердің тулары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туымен бір мезгілде орналастырылады.
3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАСЫ
6-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану тәртібі
1. Мемлекеттік Елтаңба міндетті түрде:
1) Қазақстан Республикасы Президенті Резиденциясының, Парламенттің, Сенат пен Мәжілістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, Жоғары Сот Кеңесінің, Қарулы Күштердің құрамаларының, әскери бөлімдерінің, бөлімшелері мен мекемелерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің, шетелдегі басқа да ресми мекемелерінің, шетелдегі мекемелері басшылары резиденцияларының ғимараттарында - ұдайы;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдің, Мемлекеттік кеңесшінің, Конституциялық Сот Төрағасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының және жергілікті соттары төрағаларының, Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің басшыларының, жергілікті өкілді және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері басшыларының кабинеттерінде - ұдайы;
3) Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының, Үкіметтің үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстары өтетін залдарда, Конституциялық Соттың отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының сот мәжілісі залдарында, Жоғары Сот Кеңесінің отырыс залдарында, орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырыстары залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркейтін үй-жайларда - ұдайы;
4) мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларында (үй-жайларының бір бөлігінде) орналастырылады.
Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Елтаңбаны және оның бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі міндетті түрде:
1) Қазақстан Республикасының Президенті мен оның Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, оның Палаталары мен олардың аппараттарының, Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталары Бюроларының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Үкіметі Аппаратының, министрліктердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамаларының, әскери бөлімдерінің, бөлімшелері мен мекемелерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергілікті өкілді, атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттік ұйымдардың мөрлері мен құжаттарының бланкілерінде;
1-1) нотариустардың мөрлерiнде;
1-2) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуге байланысты мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің басқа да түрлерін жүзеге асыру үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мөрлерінде;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Үкіметінің, Конституциялық Сотының және Жоғарғы Сотының ресми басылымдарында;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарында;
4) Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жеке куәлікте, туу туралы куәлікте, паспортта және өзге де паспорттарда, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің қызметтік куәліктерінде;
5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына орнатылатын шекара бағаналарында;
6) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың және олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының, Жоғары Сот Кеңесінің, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің веб-сайттарында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен орналастырылады.
Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесі өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін.
3. Мемлекеттік Елтаңба оның көлеміне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуге тиіс.
Мемлекеттік Елтаңба ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен ауыстырылуға және жойылуға жатады.
4. Осы Конституциялық заңда белгіленгеннен басқа жағдайларда мемлекеттік емес ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының бланкілерінде, мөрлерінде және басқа да реквизиттерінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесін пайдалануға тыйым салынады.
Мемлекеттік Елтаңбаны қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды.
Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесі әскери немесе өзге де мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар үшін белгіленген айырым белгілері мен нысанды киім үлгілерінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде, сондай-ақ спортшылардың спорттық костюмдері мен басқа да спорттық керек-жарақтарында пайдаланылуы мүмкін.
Мемлекеттік Елтаңбаны және оның бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
7-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасын және басқа да елтаңбаларды Қазақстан Республикасының аумағында бір мезгілде пайдалану
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы мен шет мемлекеттердің елтаңбаларын немесе қоғамдық бірлестіктің, басқа да ұйымның елтаңбаларын (геральдикалық белгісін) бір мезгілде орналастырғанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының көлемі басқа елтаңбалардың көлемінен кіші болмауға тиіс.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы басқа елтаңбалардан (геральдикалық белгілерден) төмен орналастырылмайды.
4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ГИМНІ
8-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану тәртібі
1. Мемлекеттік Гимн:
1) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке кіріскен кезде - ол ант бергеннен кейін;
2) Қазақстан Республикасы Парламенті сессияларының ашылуы және жабылуы кезінде;
3) Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылуы кезінде;
4) теле-, радиоарналар эфирге шыққан кезде тәулiк сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда;
5) Қазақстан Республикасы халқының өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметіне ескерткіштерді, монументтерді, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезінде;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктері мен өзге де ұйымдары өткізетін ресми және салтанатты рәсімдер, спорттық іс-шаралар кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілген кезде;
7) Қазақстан Республикасына мемлекеттік немесе ресми сапармен келген шет мемлекеттердің басшыларын қарсы алу кезінде - тиісті шет мемлекеттің мемлекеттік гимні орындалғаннан кейін;
8) жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шаралар өткізілген кезде;
9) Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық іс-шаралар өткізілген кезде орындалады.
1-1. Мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларында (үй-жайларының бір бөлігінде) Мемлекеттік Гимннің мәтіні міндетті түрде орналастырылады.
Мемлекеттік Гимннің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Гимнді орындау және оның мәтінін пайдалану тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау тәртібі
1. Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында іс-шаралар өткізген кезде Мемлекеттік Гимн осы Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттің заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергілікті салт-дәстүрге сәйкес орындалады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты жағдайда көтеру және тігу кезінде Мемлекеттік Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады.
2. Мемлекеттік Гимнді оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін ықшамдап орындауға жол беріледі.
3. Мемлекеттік Гимн бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестікпен мемлекеттік тілде орындалады.
4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтіні мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға болмайды.
5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ
10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Үкіметтің құзыретіне:
1) алып тасталды – ҚР 19.04.2023 № 222-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен;
2) алып тасталды – ҚР 19.04.2023 № 222-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту;
3-1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу қағидаларын бекіту;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері саласындағы уәкілетті органды айқындау;
5) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
11-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері саласындағы уәкілетті органдардың құзыреті
1. Техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының ұлттық стандарттарын әзірлейді және бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын әзірлейді;
2-1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының осы Конституциялық заңда бекітілген ұлттық стандарттарға және олардың бейнелеріне сәйкес келетін эталондарын дайындау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиаттың лицензияда көрсетілген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2) мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптама кеңесін құрады, сондай-ақ ол туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
12-бап. Жергілікті атқарушы органның құзыреті
Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында пайдаланылуын (тігілуін, орналастырылуын) бақылауды жүзеге асырады.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
13-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауды қалыптастыру
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті.
2. Азаматтыққа және отансүйгіштікке, өз Отаны - Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында оларды оқыту жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарының негізгі жалпы білім беру бағдарламаларына енгізіледі.
Жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнекті орынға ұдайы Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады.
14-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген тиісті лицензиясы болған жағдайда жүзеге асырылады.
15-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындауды және пайдалануды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындауды және пайдалануды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
16-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Конституциялық заң ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
2. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" 1996 жылғы 24 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 1, 178-құжат; 1997 ж., № 12, 193-құжат; 2006 ж., № 1, 1-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының |
«Қазақстан Республикасының |
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
«Қазақстан Республикасының |
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық Заңы.
«Қазақстан Республикасының |
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік гимнінің мәтіні
Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов
Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов,
Нұрсұлтан Назарбаев
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой.
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің
музыкалық редакциясы
Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналастыру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы № 873 Қаулысы
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 10-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру)
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 2 қазандағы
№ 873 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі - Конституциялық заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібі
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мынадай орындарда міндетті түрде көтеріледі (тігіледі, орналастырылады):
1) Қазақстан Республикасының Президентi Резиденциясының, Парламенттің, Сенат пен Мәжiлiстiң, Үкiметтiң, министрлiктер мен Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттарының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, мемлекеттiк ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшiлiктерiнiң, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкiлдiктерiнiң, сауда өкiлдiктерiнiң, шетелдегi басқа да ресми мекемелерiнiң, шетелдегi мекемелерiнiң басшылары резиденцияларының ғимараттарында және болатын мемлекеттiң протоколдық практикасына сәйкес көлiк құралдарында – ұдайы;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентi палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдiң, Мемлекеттiк кеңесшінің, Конституциялық Сот Төрағасының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының және жергiлiктi соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлiнiң, министрлiктер мен Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелері басшыларының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi басшыларының кабинеттерiнде – ұдайы;
3) Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының, Үкіметтің үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстары өтетін залдарда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының сот мәжілісі залдарында, орталық және жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырысы залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркейтін үй-жайларда – ұдайы;
4) мемлекеттік органдардың ғимараттарында алғаш ашылған кезде, салтанатты жағдайда;
5) егер халықаралық құқық нормалары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген болса, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары төрағаларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және олардың өкілетті өкілдерінің қатысуымен халықаралық форумдар өтетін ғимараттарда немесе үй-жайларда;
5-1) мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларда (үй-жайларының бір бөлігінде).
6) ресми адамдар ретінде Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мінген теңіз кемелерінде, ішкі жүзу кемелерінде және басқа да қозғалыс құралдарында;
7) Қазақстан Республикасында тіркелген кемелердің бұлқынындағы ту ретінде, белгіленген тәртіппен;
8) Қазақстан Республикасының әскери корабльдері мен кемелерінде әскери жарғыларға сәйкес;
9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде және мекемелерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелері күндерінде, ант қабылдау кезінде;
10) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу, ресми және салтанатты рәсімдер, спорттық іс-шаралар кезінде;
10-1) халықаралық ұйымдар өткізетін рәсімдер, салтанатты және спорттық іс-шаралар кезінде;
11) жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында - жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде;
12) Қазақстан Республикасына мемлекеттік және ресми сапарлармен келген шет мемлекеттердің мемлекет басшыларымен, парламенттері мен үкіметтерінің басшыларымен кездесу кезінде.
3. Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Туды және оның бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
4. Жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті білдіру, елдің және оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, оның көлеміне қарамастан, ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ұлттық стандарттардың талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын қорлау нысанасы ретінде пайдалана алмайды.
5. Осы Қағидалардың 2-тармағының 1), 4) тармақшаларында, 14-тармағында көрсетілген ғимараттарда тұрақты орнатылатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандырылуы тиіс.
6. Ұлттық аза тұтуға байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы аза тұту мерзімі ішінде ту тұғыр биіктігінің жартысына дейін төмен түсіріледі.
7. Осы Қағидалардың 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген лауазымды тұлғалардың кабинеттеріндегі, залдардағы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы (1 х 2 метр өлшеммен) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының сол жағында (тігіледі) орналастырылады.
8. Алып тасталды – ҚР Үкіметінің 28.06.2019 № 454 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
9. Халықаралық форумдарды өткізу, сондай-ақ осы Қағидалардың 2-тармағының 5) және 12) тармақшаларында көрсетілген Қазақстан Республикасына мемлекеттік және ресми сапарлармен келген шет мемлекеттердің мемлекет басшыларымен, парламенттері мен үкіметтерінің басшыларымен кездесу кезінде, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 12 қазандағы N 201 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хаттамасында және осы Ережеде көрсетілген тәртіппен көтеріледі (тігіледі, орналастырылады).
10. Осы Қағидалардың 2-тармағының 10) және 11) тармақшаларында көзделген рәсімдер және салтанатты іс-шаралар кезінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туы ту тұғырдан көтеріледі, ту тұғыр жоқ болған жағдайда: құрамында үш адам ту ұстаушы және екі сүйемелдеушісінен құралған ту көтеру тобының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын әкелу және әкету рәсімі пайдаланылады.
10-1. Осы Қағидалардың 2-тармағының 10-1) тармақшасында көзделген рәсімдер, салтанатты және спорттық іс-шараларды өткізу кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Конституциялық Заңға, сондай-ақ сол мемлекеттік хаттамалық практикасына және жергілікті салт-дәстүрлерге сәйкес орналастырылады.
10-2. Спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер, бас жаттықтырушылар спорттық іс-шараларды ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібінің сақтауын қамтамасыз етеді.
10-3. Шетелдік спортшылардың (командалардың) қатысуымен өтетін жарыстардың жүлдегерлерін марапаттау рәсімі кезінде өкілдері спорттық жарыстардың жүлдегерлері болып табылатын қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік тулары салтанатты түрде көтеріледі.
11. Осы Қағидалардың 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген ресми адамдар ретінде Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мінген қозғалыс құралдарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туы ту тұғырдан (мачтада) көтеріледі.
12. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, шет мемлекеттердің, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың туларымен бір мезгілде көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға тиіс.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы басқа тулардан төмен орналастырылмайды.
13. Тулардың тақ санын бір уақытта көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ортасында, ал жұп санды, бірақ екеуден көп туларды көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) ортадан солға қарай орналастырылады.
13-1. Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерді, консулдық мекемелерді, халықаралық ұйымдарды және (немесе) олардың өкілдіктерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар мен өкілдіктер пайдаланатын шет мемлекеттердің тулары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туымен бір мезгілде орналастырылады.
13-2. Жеке және заңды тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда (үй-жайлардың бөлігінде) орналастырылатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ұлттық стандартқа сәйкес әсем безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуы тиіс.
14. Заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын осы Қағидаларға сәйкес бір қабатты және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктерін ескереді және мынадай параметрлерді пайдаланады:
1) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2009.01.27. N 63 Қаулысымен;
2) 1, 2, 3, 4, 5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда Мемлекеттік Ту (1 х 2 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады;
3) 6, 7, 8, 9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (1,5 х 3 метрден 2x4 метрге дейін өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1x2 метр өлшеммен) орналастырылады;
4) 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда Мемлекеттік Ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (2x4 метр және одан жоғары өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1 х 2 метр өлшеммен) орналастырылады.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібі
15. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы міндетті түрде:
1) Қазақстан Республикасы Президентi Резиденциясының, Парламенттің, Сенат пен Мәжiлiстің, Үкiметтiң, министрлiктер мен Қазақстан Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттарының, Қарулы Күштердiң құрамаларының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлiмдерiнiң, бөлiмшелерi мен мекемелерiнiң, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшiлiктерiнiң, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкiлдiктерiнiң, сауда өкiлдiктерiнiң, шетелдегi басқа да ресми мекемелерiнiң, шетелдегi мекемелерiнiң басшылары резиденцияларының ғимараттарында – ұдайы;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентi палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдiң, Мемлекеттiк кеңесшінің, Конституциялық Сот Төрағасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының және жергiлiктi соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлiнiң, министрлiктер мен Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерi басшыларының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi басшыларының кабинеттерiнде – ұдайы;
3) Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының, Үкіметтің үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстары өтетін залдарда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының сот мәжілісі залдарында, орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырыстары залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркейтін үй-жайларда – ұдайы;
4) мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларында (үй-жайларының бір бөлігінде) орналастырылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарына арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайлар (үй-жайлардың бір бөлігі) әсем безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіре берістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс.
16. Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Елтаңбаны және оның бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
17. Ғимараттарға тұрақты тігілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруға тиіс.
18. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы оның көлеміне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс.
19. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды.
20. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы (диаметрі 500 миллиметр) кабинеттерде лауазымды тұлғаның жұмыс орнының арт жағындағы қабырғаға, осы Қағидалардың 15-тармағының 2), 3) тармақшаларында көрсетілген залдарда төрағалық етуші отыратын орынның арт жағында орналастырылады.
21. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын бір және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі және мынадай өлшемдер пайдаланылады:
1) бір қабатты ғимаратта Мемлекеттік Елтаңба (диаметрі 500 миллиметр) ғимараттың жабу деңгейінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады;
2) 2, 3, 4, 5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында (диаметрі 1-ден 1,5 метрге дейін) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (диаметрі 500 миллиметр) орналастырылады;
3) 6, 7, 8, 9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында (диаметрі 2 метр) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (диаметрі 500 миллиметр) орналастырылады;
4) 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда Мемлекеттік Елтаңба соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында (диаметрі 3 метр және одан жоғары) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (500 миллиметр диаметрмен) орналастырылады.
4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының, Мемлекеттік Елтаңбасының бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібі
22. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі міндетті түрде:
1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламенттiң, Үкiметтiң, министрлiктер мен Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергiлiктi соттарының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң веб-сайттарында;
2) Қазақстан Республикасының әуе кемелерінде, сондай-ақ ғарыш аппараттарында орналастырылады.
23. Осы Қағидалардың 20-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген әуе кемелерінде, ғарыш аппараттарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі борттық айырым белгісі ретінде қолданылады.
23-1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін.
Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігін қолдану мақсатында өзге материалдық объектілерге бір рет пайдаланылатын заттар жатпайды.
24. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі қоғамдық бірлестіктер мен өзге де ұйымдардың туларының геральдикалық негізі ретінде қолданылмайды.
25. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесі мемлекеттік наградалардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде пайдаланылады.
26. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі міндетті түрде:
1) Қазақстан Республикасының Президентi мен оның Әкiмшiлiгiнiң, Парламенттiң, оның палаталары мен олардың аппараттарының, Қазақстан Республикасының Парламентi палаталары бюроларының, Үкiметтiң және Үкімет Аппаратының, министрлiктер мен Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттарының, Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар құрамаларының, әскери бөлiмдерiнiң, бөлiмшелерi мен мекемелерiнiң, жергiлiктi өкiлдi, атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттiк ұйымдардың мөрлерi мен құжаттарының бланкiлерiнде;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Үкіметінің, Конституциялық Сотының және Жоғарғы Сотының ресми басылымдарында;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарында;
4) Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жеке куәлікте, туу туралы куәлікте, паспортта және өзге де паспорттарда, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің қызметтік куәліктерінде;
5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына орнатылатын шекара бағаналарында;
6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламенттiң, Үкiметтiң, министрлiктер мен Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергiлiктi соттарының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң веб-сайттарында орналастырылады.
27. Осы Қағидалардың 22-тармағының 1) тармақшасында және 26-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген веб-сайттарда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының, Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесін орналастыру кезінде мемлекеттік рәміздері бейнелерінің бірдеңгейлі орналастырылуының сақталуы, сондай-ақ олардың орналасу реті: Ту, Елтаңба, Гимн болуы тиіс.
28. Осы Қағидалардың 26-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мөрлер мен құжаттардың бланкілерінде, ресми басылымдарда орналастырылған Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бейнелері ұлттық стандарттарға сәйкес келуі тиіс.
29. Осы Қағидалардың 26-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 804 Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасында белгіленген тәртіппен орналастырылады.
30. Осы Қағидалардың 26-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген құжаттарда орналастырылған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнелері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ ұлттық стандарттарға сәйкес келуі тиіс.
31. Осы Қағидалардың 26-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген шекаралық бағаналарда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі "Шекара белгілерінің нысандарын, көлемдерін, сипаттамасын, конструкциясын және оларды орнату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 8 қарашадағы № 1181 қаулысына сәйкес орналастырылады.
32. Конституциялық заңда белгіленген жағдайлардан басқа, мемлекеттік емес ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының бланкілерінде, мөрлерінде және басқа да реквизиттерінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесін пайдалануға тыйым салынады.
33. Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі әскери немесе өзге де мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар үшін белгіленген айырым белгілері мен нысанды киім үлгілерінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде, сондай-ақ спортшылардың спорттық костюмдері мен басқа да спорттық керек-жарақтарына пайдалануы мүмкін.
34. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін.
Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігін қолдану мақсатында өзге материалдық объектілерге бір рет пайдаланылатын заттар жатпайды.
34-1. Мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларында (үй-жайларының бір бөлігінде) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің мәтіні міндетті түрде орналастырылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің мәтіні орналастырылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарына арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайлар (үй-жайлардың бір бөлігі) әсем безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіре берістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс.
34-2. Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, белімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау және оның мәтінін пайдалану тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
35. Мемлекеттік рәміздер бейнелері бар стенділер (плакаттар) салтанатты іс-шаралар өтетін көпшілік назарына қолжетімді жерлерде орнатылуы тиіс.
36. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының, Мемлекеттік Елтаңбасы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимні мәтінінің бейнелерін стенділерге (плакаттарға) орналастырған кезде мемлекеттік рәміздер бейнелерінің бірдеңгейлі орналастырылуының сақталуы, сондай-ақ олардың орналасу реті: Ту, Елтаңба, Гимн болуы тиіс.
37. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының, Мемлекеттік Елтаңбасы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимні мәтінінің бейнелері бар стенділер (плакаттар) әсем безендірілуі және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіре берістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуы тиіс.
Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын,
Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларын
бекіту туралы
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 8 маусымдағы № 137 бұйрығы
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 11-бабының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы тармақпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі |
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2023 жылғы 8 маусымдағы
№137 бұйрығымен бекітілген
Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидалары (бұдан әрі- Қағидалар) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы Конституциялық Заңына (бұдан әрі- Конституциялық Заң) сәйкес әзірленді және ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік
Елтаңбасын ауыстыру және жою тәртібі
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жоюды Конституциялық заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы міндетті түрде орналастырылатын (орнатылатын, көтерілетін) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тұрақты жұмыс істейтін комиссиялары жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына қойылатын нысандардың, мөлшердің және техникалық талаптардың бұзылуы ұлттық стандарттарға сәйкес келмеушілік болып табылады.
4. Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ауыстыруды және жоюды осы Қағидаларда көзделген тәртіппен ғимараттардың (үй-жайлардың) иелері өздерінің еркі бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын тігуді жүзеге асырады.
5. Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын жою оларды қайта қолдану мүмкіндігін болдырмау мақсатында өртеу, балқыту, 2,5 шаршы сантиметрден аспайтын мөлшерде майдалап бөлшектеу, ұсақтау, қалыпсыз массаға немесе ұнтақ күйге айналдыру жолымен жүргізіледі.
Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру
қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 114 бұйрығы
«Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір мәселелері» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы ережесінің 15-тармағы 422) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Өгнеркәсіп және қүрылыс министрі «КЕЛІСІЛДІ» |
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және
құрылыс министрі міндетін атқарушының
2023 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 114 Бұйрықпен бекітілген
Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау
және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік органдардың атауы жазылған мандайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы ережесінің 15-тармағы 422) тармақшасына сәйкес әзірленген және мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және Қазақстан Республикасының аумағындағы әкімшілік ғимараттарда орналастыру тәртібін реттейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік органдар – Конституциямен, заңдарымен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен мемлекеттің атынан:
мінез-құлықтың жалпыға ортақ қағидаларын белгілейтін актілерді шығару;
әлеуметтік маңызы бар қоғамдық қатынастарды басқару және реттеу;
мемлекет белгілеген жалпыға ортақ мінез-құлық қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік мекемелер;
2) мемлекеттік мекемелер – жергілікті өкілді және атқарушы органның құрылымдық немесе ведомстволық бағыныстағы бөлімшелері.
3) мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшалар – мемлекеттік органның атауы туралы анықтамалық ақпараты бар қасбеттің қабырғалық элементі;
4) төсем – маңдайшалардың негіздеріне арналған сәнді рамка.
2. Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды
дайындау және орналастыру
3. Маңдайшаны орналастыру орны мемлекеттік органның немесе мемлекеттік мекеменің атауы және орналасқан жері туралы ақпаратты қамтиды.
Маңдайша ғимараттың қасбетінде үй-жайға кіреберістен 10 метр қашықтық шегінде не мемлекеттік орган немесе мемлекеттік мекеме алып отырған үй-жай шегінде орналасады.
4. Маңдайшаны көлденең де, сондай-ақ тігінен де орналастыруға болады.
5. Мемлекеттік органның немесе мемлекеттік мекеменің атауы мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де орналастырылады.
Мемлекеттік органның немесе мемлекеттік мекеменің атауы мемлекеттік және орыс тілдерінде және басқа да тілдерде дайындалып, орналастырылған жағдайда олар бір-бірінен жеке орналасқан әртүрлі маңдайша түрінде жасалады.
6. Маңдайша кемінде 60x80 сантиметр мөлшерінде жасалады. 3/4 арақатынасын сақтай отырып, маңдайша өлшемдерін ұлғайтуға жол беріледі.
7. Маңдайша қалыңдығы 1 сантиметрден 4 сантиметрге дейінгі төсемге орналастырылады, төсемде мемлекеттік органның атауы жазылған графикалық жазба болады.
8. Маңдайшаларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы маңдайшаның жоғарғы үштен бір бөлігінің ортасында орналастырылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы диаметрінің арақатынасы мынадай сәйкестіктер бойынша айқындалады:
көлденең орналасқан жағдайда: маңдайшаның биіктігі елтаңбаның диаметріне 1/5;
тігінен орналасқан жағдайда: маңдайшаның биіктігі елтаңбаның диаметріне 1/6.
9. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының астына маңдайшаның 2/3 бөлігінен төмен мемлекеттік органның атауы жазылады. Маңдайша мәтіні әріптерінің биіктігі кемінде 3 сантиметрді құрайды. Мемлекеттік мекемелерде, мемлекеттік органның атауы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының үстінде ортада орналасады. Жазбадағы әріптердің мөлшері кемінде 2 сантиметрді құрайды.
10. Әріптердің шрифті "Book Antiqua"
11. Кенептің реңі көк түсті, ал әріптер алтын түсті болады.
12. Маңдайшаның жиегі ені кемінде 3 сантиметр алтын түсті рамкамен қоршалады.
13. Мәтінде шетелдік сөздерді, оның ішінде латын әріптерімен жазылған сөздерді, қысқартылған атауларды және аббревиатураларды пайдалануға болмайды.
14. Маңдайшалар мемлекеттік мекеменің ресми атауы немесе бағыныстылығы өзгерген жағдайда, табиғи тозудың және моральдық ескірудің салдарынан, сондай-ақ аумақтық орналасқан жерді ауыстырған (көшкен) кезде ауыстырылады.
15. Жұмыс уақытының режимі, қабылдау кестесі және басшылардың тегі сияқты басқа да ақпараттық деректерді маңдайшаға немесе мемлекеттік органның не мемлекеттік мекеменің атауымен қатар орналастыруға болмайды.
16. Қасбеттердегі маңдайшалар тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандырылады.
17. Мемлекеттік орган және мемлекеттік мекеме маңдайшаларды дайындауды, ресімдеуді және орнатуды жүзеге асырады, сондай-ақ маңдайшаларды пайдаланудың бүкіл кезеңінде тиісті техникалық және эстетикалық жай-күйде ұстайды.
2 БӨЛІМ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІНІҢ ПАЙДАЛАНЫЛУЫН
РЕТТЕЙТІН КЕЙБІР ЗАҢНАМАЛАРДАН ҮЗІНДІ
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы
Қазақстан Республикасының Кодексі 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ
418-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына қойылатын ұлттық стандарттарды бұзу
1. Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау –
жеке тұлғаларға – жиырма бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
1-1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандар туралы заңнамасын бұза отырып пайдалану (орнату, орналастыру) –
ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) –
жеке тұлғаларға – елу, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
458-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып пайдалану және орындау –
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Мемлекеттiк рәміздерді пайдалану мiндеттi болып табылатын жағдайларда оларды пайдаланбау –
лауазымды адамдарға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер –
бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi
Қазақстан Республикасының Кодексі 2014 жылғы 3 шiлдедегi № 226-V ҚРЗ
372-бап. Мемлекеттік рәміздерді қорлау
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау –
үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоғыз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚАЗАҚСТАР РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК
СТАНДАРТТАРЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТУЫ
Жалпы техникалық шарттар
ҚР СТ 988-2007
ҚАЗАҚСТАР РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ
СТАНДАРТТАРЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАСЫ
Техникалық шарттар
ҚР СТ 989-2014